Округ әкімдерінің жұмысы: сан және сапа көрсеткіштері

Округ әкімдерінің жұмысы: сан және сапа көрсеткіштері

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов өңір басшысына ауылдық округ әкімдерінің қызметін бағалау рейтингісін таныстырды.

Әкімдердің жұмысы  маңызды 29 индикатордан тұратын 4 бағыт бойынша бағаланады. Олар — «Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар», «Экономикалық даму», «Әлеуметтік даму» және «Инженерлік инфрақұрылым». Жалпы алғанда, кейбір ауылдық округ әкімдерінің мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысу деңгейі тұрақты екендігі сөз болды.

Бағалау нәтижесінде әр ауданның даму деңгейі жоғары және төмен көрсеткішке  ие ауылдық округтер анықталды. Мұндай рейтингті әр тоқсан сайын жасау туралы ұсыныс айтылды.

«Бағалау жақсы жүргізілген, ауыл әкімдері бағалау нәтижелерін зерделеп, алдағы уақытта айтылған жайттарды есте ұстауы керек. Осындай рейтингті аудан әкімдерінің жұмысына қатысты да жүргізу керек. Мұндай статистиканы көрсету өте маңызды, бұл әрбір басшының жұмысының сапасын көрсетеді. Осы рейтингке сүйене отырып, алдағы іс-әрекеттеріңізді жоспарлап, кемшіліктерді жойып, қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмай,  жұмысты одан әрі жүргізе беру керек», – деді Асхат Шахаров.

Жиында 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері де қаралды. Облыста инвестиция өсімі 109,5 пайызға, ауыл шаруашылығына тартылған инвестицияның өсімі 190,2 пайызға жетті. Әсіресе Қарғалы (408,5 пайыз) мен Ырғыз (192,1 пайыз) аудандарында ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі жоғары.

Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемінің өсімі 127,3%-ға жетті. Мұғалжар және Байғанин аудандарында өсім сәйкесінше 5,379,8% және 897,5% болды. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы көлемінің де айтарлықтай өсуі байқалады, бұл саладағы көрсеткіш — 1,3 млрд. шаршы метр.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі аудан және ауылдық округ әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.