Ералы Тоғжанов: Ақтөбе облысы инвестиция тартуда «ашық есік» саясатына басымдық береді

Ералы Тоғжанов: Ақтөбе облысы инвестиция тартуда «ашық есік» саясатына басымдық береді

Астанада Ақтөбе облысының экономикасына отандық және шетелдік инвестицияларды ағынын ынталандыру, тартуға бағытталған «Investment Aktobe-2022» VII Халықаралық инвестициялық форумы өтуде.

Дәстүрлі форум биыл алғаш рет елордада ұйымдастырылды. Шара 30-дан астам елдің дипломатиялық миссиялары, Үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі шетелдік және отандық бизнес өкілдерінің басын қосты.

Форумның жалпы отырысының негізгі тақырыбы – Ақтөбе облысының инвестициялық перспективалары.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында «Саяси және экономикалық реформалар ең алдымен әрбір қазақстандықтың табысын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатынын атап өтті. Мұны мемлекет пен бизнестің бірігуінсіз орындау мүмкін емес» деген еді. Біз көріп отырған жаһандық экономикалық толқулар мен трансформациялық өзгерістер дәуірінде сенімді әріптес болу маңызды және біздің мемлекетіміз, оның ішінде Ақтөбе облысы осындай серіктес ретінде әрекет етуге дайын әзір және ашық. Біз «ашық есік» саясатына басымдық береміз, инвесторлар алдындағы өз міндеттемелерімізді толық көлемде орындауға дайынбыз», - деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Әлеуетті инвесторлар өңірдің тиімді географиялық орналасуы, дамыған көлік инфрақұрылымы және бай табиғи ресурстар секілді артықшылықтарымен танысты. Облыс хром кен орындарының қорлары бойынша әлемде 2-орынды, көмірсутек шикізаты мен мыс кен орындарының қорлары бойынша Қазақстан 3-орынды алады.

Осылайша, облыс металлургия, химия, мұнай-газ салаларын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Қазірдің өзінде өнеркәсіп — жалпы аймақтық өнімнің 40%-дан астамын құрайтын экономиканың негізгі драйвері.

«Ақтөбе облысы табиғи ресурстарға бай. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп жер қойнауын пайдалану саласында инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, келісімшарттар бойынша жыл сайынғы инвестициялар көлемі соңғы 3 жылда 50%-ға, 147 млрд теңгеден 216 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұдан басқа, өңірде 77-ге жуық қатты пайдалы қазбаларға толы бос кен орындары бар. Олардың қатарына алтын, никель-кобальт, титан-цирконий, хромиттер, марганец, фосфориттер, кир, битум, асбест, дала шпаты, тальк, кварц және қоңыр көмір сияқты кен орындары жатады. Министрлік елге инвестиция тарту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулерді дайындады. Бұл түзетулердің мақсаты жер қойнауын пайдалану құқығын алу тәртібін жеңілдету және ауқымды геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті жеткізу. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», - деді Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан панельдік сессия барысында.

Өңірде ұзақ жылдар бойы шетелдіктердің қатысуымен ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп келеді. Мысалы, қытайлық «CNPC-Ақтөбемұнайгаз»» және Sinopec, Орыс мыс компаниясы, Yildirim Group түрік холдингі, итальяндық Eni және басқа да компаниялар. Бұл қолайлы инвестициялық ахуал мен  инвесторлардың үлкен сенімін көрсетеді.

Arm Wind (ENI бөлімшесі) басшысы Алекс Стиллавато мен «Yildirim Holding» компаниялар тобының Ресей және ТМД елдері бойынша вице-президенті Метин Октай Ақтөбе облысында инвестициялық жобаларды іске қосу тәжірибесімен бөлісті.

Баяндамашылар Ақтөбе облысында жасалған инвестициялық жағдай бизнестің үйлесімді және тұрақты дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Yildirim Holding компаниялар тобы 55 елде және 9 салада жұмыс істейді. Қазақстанда 2014 жылдан бері – Ақтөбе облысындағы «Восход» тау-кен металлургия кәсіпорнын сатып алғаннан бері жұмыс жасап келеміз. Бүгінде өндірісте 1000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. 2022 жылдың өткен кезеңінде ғана 115-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын жалақыны жылына екі рет көтереді», - деген Метин Октай тұрақтылық еңбек жағдайын жүйелі түрде жақсартып, компанияны өсіруге ғана емес, әлеуметтік жобалар мен қайырымдылықты жүзеге асыруға атсалысуға мүмкіндік беретінін алға тартты.

Форум қорытындысы бойынша өңірде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, қант зауыты, медициналық мақсаттағы бұйымдар, теміржол дөңгелектерін шығаратын кәсіпорындар, рельс дәнекерлеу зауыты мен мұнай-химия кешенінің құрылысы және т.б. келісімдерге қол жеткізілді.

Бұл келісімдер бойынша жалпы инвестиция көлемі 2,7 трлн.теңгені құрады.