2022 жылдың 18 қарашасында «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қолданысқа енгізілді.
Заңның негізгі мақсаты: азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейту, елдегі жоғары қадағалау органын жаңғырту мен заңдылық құралдарын нығайту болып табылады.
Мемлекет басшысы биылғы 16 наурыздағы Жолдауында Прокуратура туралы Конституциялық заңды қабылдауды ұсына отырып, бірінші кезекте елдегі заңдылық - конституциялық принципінің рөлін нығайтты.
Осы заңмен Бас Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру сұрақтары бойынша нормативтік - құқықтық актілерді келісу құқығы туралы норма енгізілді.
Сондай-ақ, қылмыстық қудалаудан және әкімшілік жауапқа тартылудан, тиісті артықшылықтары бар адамдарды қолсұғушылықтан айыру мәселелері бойынша ұсыныс енгізу туралы нормалар нақтыланды.
Бұған қоса, тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың дереу күшін жоюды және заңсыз актілерді тоқтата тұруды прокурормен талап ету құқығы енгізілді.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару мәселелері бойынша прокуратураның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметін үйлестіру ережелері нақтыланды.
Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның, әскери және көлік прокуратурасы органдарының тексеру мәселелері және басқа да функциялары бойынша өкілеттіктерінің шектері айқындалды.
Прокуратура шешімдеріне шағымдану тәртібі қадағалаушы орган арыз берушіге, шағымдану құқығын түсіндіре отырып, негізделген және дәлелді жауап беруді талап ететін нормамен толықтырылды.
Прокуратура шешімдеріне шағымдану мерзімі қабылданған шешім туралы адамға белгілі болған күннен бастап есептелетін болады. Бұндай нақтылау азаматтарға шағымдану мерзімін өткізіп алмауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелетін болды.
Осылайша, қолданысқа енгізілген Конституциялық заң – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, сондай-ақ ел аумағында заңдылықты қамтамасыз етуге тікелей бағытталған.
Ырғыз ауданының прокуратурасы