Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам

Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам

Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі - тазалық. Себебі тазалық – өмір айнасы. Тазалық болмаған жерде бейберекетсіздік белең алып, қоғамға қауіпті жағдайлар туындап, адам денсаулығына зияны тиетін факторлар болуы мүмкін. Бұлай дейтініміз, тазалық сақталмаған жерде инфекциялық ауру тудыратын қоздырғыштар тіршілік етіп, елге тарауы ықтимал. Сондықтан да санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің мәні, міне, осында. Бұл - бір. Екіншіден, тазалық сақталмаса, яғни тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстар кез-келген жерде шашылып жатса, көшенің көркі де қашады. Ауыл, елдің сәні бұзылады. Міне, сол үшін тазалыққа көңіл бөлудің мән-маңызы зор.
Осы мәселелерге байланысты елімізде соңғы жылдары тазалықты сақтауға мән беріліп, жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде «Тазалық айлығы» жарияланып, айлық аясында тазалық, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Тұрғындар санының ұлғаюына байланысты қоқыс қалдықтары да молайып келеді. Қоқыстың жиналуы - бұл күнделікті жүретін процесс.
Осыған орай Ырғыз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғынға келесі талаптардың сақталуын  ұсынады:
- Қатты тұрмыстық қалдықтарды толуына қарай уақытылы шығару;
- Қалдықтарды арнайы бөлінген контейнерлерге тастау, ол болмаған жағдайда қақпағы жабылатын ыдыстарға сақтап, елді мекендер аумағында арнайы бөлінген орынға шығару;
- Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0оС және одан төмен температурада үш тәуліктен, температура плюс болғанда бір тәуліктен асырмау;
- Тұрғын үйге іргелес аумақты таза ұстау, мүмкіндігінше аумақты абаттандыру, көғалдандыру;
- көшедегі жаяу жүргіншілер қоқысты бей-берекет тастамау;
- төрт түлік малды қараусыз жібермеу.
- Қалдықтардың қаупі қоршаған ортаға қаншалықты маңызды болса, уақытында тазартып, жойып отыру да кезек күттірмейтін жұмыс. Қоршаған ортаны қауіпсіз және таза ету біздің қолымызда.
Егер тұрғындар қоқыстың уақытылы шығарылмай жатқанын, белгіленбеген орындарда қоқыстың жиналуын байқаған жағдайда, «Egov.kz.» порталы немесе «E-otinish.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жергілікті атқарушы органға жағдайды шешу үшін шағымдана алады.
Белгіленбеген орындарда қалдықтарды тастағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қоғамдық орындарды, яғни саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау  анықталған жағдайда бұзушылық фактілерін фотоға немесе бейне жазбаға түсіріп құқық қорғау органдарына  (полиция 102 нөмеріне) жүгінуге де болады.
Құрметті азаматтар!
Тазалық – денсаулық кепілі демекші, тазалық бар жерде әрқашан жайлы өмір қатар жүреді. Қоршаған ортаның тазалығы да адам өміріне әсер етеді. Таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялатады.
Сондықтан да, бақытты өмір сүргіңіз келсе, деніңіз сау болсын десеңіз, әрдайым тазалық сақтап, әрқашан қоршаған ортаны таза ұстауымыз қажет!

Ырғыз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.