Аудан әкімі Аманкөл ауылдық округінің Құтикөл және Жарма елді мекендерінде болды

Аудан әкімі Аманкөл ауылдық округінің Құтикөл және Жарма елді мекендерінде болды

Жұмыс сапары Құтикөл ауылдық өрт сөндіру бекетінің өрт маусымына дайындығын қараудан басталды. Округ аумағында өрттің алдын алуда бекеттің атқаратын қызметі үлкен, сондықтан оның тиімді ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
«Камал» ЖШС округтегі ірі шаруашылық құрылымының бірі. Серіктестік төрағасы Камал Сәтбаев Құтикөл ауылындағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан бизнес үйінің құрылысымен таныстырды. Бұл жерде шаштараз, нан өнімдерін пісіру, бөлшек сауда, сатуға арналған ет өнімдерін сақтау қоймасы орналасатын болады.
Бұдан кейін аудан басшысы осы шаруашылықтың және «Гүлжазира» шаруа қожалығының қысқы мал азығын дайындау барыстарымен танысты. Әділкерей Сағидуллаұлы құрылым басшыларына қыс мезгіліне жем-шөптің мол қорын әзірлеудің, сондай-ақ округ пен аудан тұрғындарын қолжетімді маз азығымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Биыл Жарма ауылындағы Нарқызыл негізгі мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы басталған болатын. Аудан әкіміне құрылыс жұмыстарының барысы туралы мәлімдеген аудандық білім бөлімінің басшысы Бақраман Аманжол сонымен қатар округтегі білім беру ұйымдарының жылыту маусымында дайындығын да баяндады.
Әйім мекенінде орналасқан «Асыл-Жол» шаруа қожалығы ешкі шаруашылығымен айналысады. Қожалық жұмысымен танысқан аудан басшысы аталған істің оң әсеріне тоқталып, алдағы уақытта асыл тұқымды ешкі өсіруді қолға алуды ұсынды.