Қонақтар әуелі «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының аясында жүргізіліп жатқан Ырғыз ауылындағы Ұ.Құлымбетов көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев іске асырылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары аудандық орталық ауруханада болып, аурухана ұжымымен медициналық құрал-жабдықтардың, дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы, вакцинациялаудың барысы туралы пікірлесті.
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Ырғыз аудандық филиалында кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелері түсіндірілді.
Шаруашылық құрылымдарының басшылары тарапынан субсидиялауға және жеңілдікпен несиелеуге қолжетімділік, құрғақшылық, жайылымдар, малға қажетті жем-шөп алу мәселелері көтеріліп, депутаттар назарына жеткізілді.
«Арай» мәдениет үйінде аудандық мәслихат депутаттарымен, еңбек ардагерлерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен өткен кездесуде Ырғыз ауданы үшін аса өзекті Ақши-Құти суландыру жүйелерін қайта жаңғырту мен Ырғыз және Торғай өзендері бойындағы экологиялық ахуалдың жайы қозғалды.
Аталған мәселе бойынша жобалаушы «Қазгидро» ЖШС өкілі бүгінге дейін зерделенген және жобаланып отырған істер туралы баяндаған соң, тұрғындар тарапынан айтылған бірқатар сын-ескерпелер назарға алынатыны айтылды. Парламент Мәжілісінің депутаты Зүлфия Болатқызы бұл бағытта климат пен экологиялық ахуалдың алдағы жылдардағы өзгерістерін назарға алу қажеттігін айтса, Аманғали Бисенбайұлы көтерілген мәселенің маңыздылығына тоқталып, оң шешілуіне өз құзыры шеңберінде қолдау көрсететінін атап көрсетті.
«Nur Otan» партиясы Ырғыз аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда болған аудан тұрғындары бірқатар өзекті жайттарды қозғады. Қабылдау кезінде, сондай-ақ жалпы сапар барысындағы кездесулерде қойылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынып, тиісті жұмыстар жасалатын болады.