
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді мұсылмандардың қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Айт мерекесі халқымыз үшін діни ғұрып ғана емес, ұлттық дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ұлық мейрам. Ораза айт иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.
Өздеріңізге мәлім, қасиетті Рамазан айында індет қаупіне байланысты уақытша шектеулер қойылды. Бұл ырғыздықтардың сауапты амалдар мен игі шаралар жасауына кедергі бола алмады. Мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілді, ауызашар асы тегін таратылды. Көптеген кәсіпкерлер аудандық аналар кеңесінің үндеуіне үн қосып Рамазан айында арақ-шарап өнімдерін сатуды шектеді. Бұл ырғыздықтардың ынтымағы мен ауызбіршілігінің, имандылығы мен кең пейілінің жарқын көрінісі деп айта аламыз.
Осынау берекелі айда игілікті іске атсалысқан барша жерлестерімізге алғысымды білдіремін.
Ардақты ағайын!
Бірлік пен татулыққа біріктіретін, жүрегімізді мейірім мен жасампаздыққа шақыратын ұлық мереке сәтінде баршаңызға мықты денсаулық пен бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Ораза айт құтты болсын!