Отбасы - қоғам тірегі

Отбасы - қоғам тірегі

«Отан отбасынан басталады» дегендей қоғамның дұрыс бағытта алға басуы әрбір отбасына байланысты. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдегі халқымыздың асыл дәстүрлерінен тамыр тартқан отбасыларда өнегелі ұрпақ тәрбиеленетіні даусыз ақиқат. Дегенмен қазіргі қоғамда бұл тұрғыда шешімін күткен көптеген мәселелер бар. Ерлі-зайыптылардың ажырасуының көбеюі, отбасындағы кикілжіңдер, ішімдіктің кесірінен шырқы бұзылған жанұялар, әке-шешенің бала алдындағы жауапкершілігін толық сезінбеуі, тағы да басқа жағымсыз жайттар ауданымызда да кездеседі. Қоғам болып алдын алып, түзу жол нұсқамаса оның салдары ауыр болмақ.
Кеше жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен аудан әкімдігінде өткен «дөңгелек үстелде» осындай күрделі мәселенің жай-жапсары талқыланды. Аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев мемлекеттің іргетасы отбасынан бастау алатынын айта келіп, терте бұзған тентегін тезге сала білген елдің ұрпағы ретінде көп болып қолға алып, жауапты органдар аға буынды, аналар кеңесін, басқа да қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеуді қолға алу қажеттігін атап өтті.
Шара барысында аудандық сот төрағасы Е.Бақытжан, медиация және тұтынушылар құқықтарын қорғау кабинетінің меңгерушісі Л.Ізімғалиева, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Г.Шамиева, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Тұрымов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Оразымбетова қаралып отырған мәселеге байланысты ой-пікірлерін ортаға салды. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар бұл бағытта бірлесіп жұмыс жүргізіп, өзекті мәселелерді талқылап отыруға келісті.