Ырғыз ауылының оңтүстік-шығыс бағытындағы Ырғыз өзенінде пайда болған арна өзен суының табиғи арнасының өзгеруіне, сол арқылы Аманкөл, Тәуіп, Жайсаңбай ауылдық округтеріндегі көлдерге су жетпеуіне соқтырып отырғаны туралы бірқатар азаматтар мәселе көтеріп жүр. Аталған округтердің тұрғындарын да алаңдатып отырған бұл жағдай аудан әкімдігінің тұрақты назарында. Мәселені шешудің түрлі жолдары талқыланып, құзырлы мекемелермен, мамандармен кеңестер өткізіліп келеді.
Бүгін аудан әкімінің орынбасарлары Аслан Байдаулетов пен Серік Қонақбаев, өзге де жауапты басшылар, еңбек ардагерлері Елкей Жәкенов пен Омар Сақтағанұлы арнайы барып өзен бойындағы арналарды қарады. Мәселе көтеруші азаматтар өз тұжырымдарын нақты өзен бойынан көрсетіп, алдағы уақытта атқарылуы тиіс істер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Аталған мәселенің ауданның ауыл шаруашылығының дамуына әсері мен экологиялық салдарлары ескеріле отырып, нақты шаралар жүзеге асырылатын болады.