Ақтөбеде «Қобыланды батыр» эпосын ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесі талқыланды

Ақтөбеде «Қобыланды батыр» эпосын ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесі талқыланды

Ақтөбеде түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп, онда қазақтың батырлық эпосы «Қобыланды батыр» жырын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

«Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресей Федерациясынан келген белгілі ғалымдар қатысты.

«Қобыланды батыр» – қазақтың батырлық эпосындағы маңызды шығармалардың бірі. Ғасырлар бойы ауызша дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жырдың бірнеше нұсқасы сақталған. Ғалымдардың пікірінше, эпос қазақ халқының тарихи жадын ғана емес, түркі халықтарына ортақ эпикалық дәстүрдің сабақтастығын да көрсетеді.

Конференция барысында жырдың тарихи-мәдени құндылығы, мәтіндік және тілдік ерекшеліктері, эпостың әртүрлі нұсқалары, оның түркі халықтарының фольклорындағы орны сөз болды. Сондай-ақ ұлттық мұраны заманауи мәдени кеңістікте дәріптеу және халықаралық деңгейде таныту мәселелеріне назар аударылды.

Басқосудың маңызды бағыттарының бірі – «Қобыланды батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізуге қатысты ғылыми және мәдени негіздерді талқылау болды. Бұл бағытта эпостың тарихи сабақтастығы, халық жадындағы орны және түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасындағы маңызы қарастырылды.

Халықаралық конференция аясында эпостанушылар, фольклортанушылар, тілтанушылар мен әдебиеттанушылар ғылыми баяндамалар жасап, «Қобыланды батыр» жырына қатысты зерттеулерін ортаға салды.

Ғылыми жиын түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы пікір алмасу алаңына айналды.