Ырғыз ауданында мемлекеттік қызметтің тәртібі, әдеп талаптары және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қаралды

Ырғыз ауданында мемлекеттік қызметтің тәртібі, әдеп талаптары және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қаралды

Ырғыз ауданы әкімдігінде аудан әкімі аппаратының қатысуымен мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібін сақтау, қызметтік әдеп талаптарын орындау, жеке жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңесте аудан әкімі аппаратының персоналды бірыңғай басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Ерік Жанат Нұрболқызы баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібін сақтау, қызметтік әдеп нормаларын орындау және мемлекеттік қызметтің беделін арттыру бағытында жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.

Баяндамада жұмыс уақытын сақтау талаптарының бұзылуы, еңбек тәртібіне қатысты анықталған кемшіліктер, жас мамандардың қызметтік мәдениетті қалыптастырудағы жауапкершілігі, мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киім үлгісін сақтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы қағидаларын сақтау, заң талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ кеңесте прокуратураның ұсынысы негізінде мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын, Әдеп кодексін және мемлекеттік қызметке қойылатын шектеулерді қатаң сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кеңес қорытындысында бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне еңбек тәртібін күшейту, қарамағындағы қызметкерлер арасында орындаушылық тәртіпке тұрақты бақылау жүргізу, қызметтік әдеп талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Айбек Тұрмағанбетов ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау мәселелері жөнінде хабарлама жасады.

Хабарлама барысында мемлекеттік органдарда ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау, дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету және қызметтік ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Осы бағытта жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне дербес деректерді қорғау талаптарын қатаң сақтау, тек рұқсат етілген қызметтік байланыс құралдарын пайдалану, электрондық цифрлық қолтаңбаның қауіпсіз қолданылуын қамтамасыз ету, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану, «ҚБП» белгісі бар құжаттармен жұмыс істеу тәртібін сақтау, ақпараттық қауіпсіздікке жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қызметтік компьютерлерді тек қызметтік мақсатта пайдалану жөнінде хаттамалық тапсырмалар жүктелді.

Кеңес қорытындысында берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді. Қабылданған шаралар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, қызметтік тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың дербес деректерінің қорғалуын күшейтуге бағытталған.