АПК IT саласындағы мамандарды даярлау және заманауи цифрлық құзыреттерді дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуде

АПК IT саласындағы мамандарды даярлау және заманауи цифрлық құзыреттерді дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуде

Қазіргі уақытта колледж базасында IT-хаб құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан жастарды оқытуға, тәжірибелік даярлауға және цифрлық жобаларды іске асыруға арналған жаңа алаңға айналады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров салынып жатқан нысанға барды. Мұнда ақпараттық технологиялар саласына мамандар даярлайтын заманауи оқу-өндірістік корпус салынуда. «Бабэк-Құрылыс» ЖШС мердігер ұйымының өкілдері құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі мен қолданылып жатқан шешімдер туралы баяндады. Бүгінде нысанда терезелерді орнату, шатыр, қасбет және жылу желілерін жүргізу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта оқу-өндірістік корпуста ішкі әрлеу жұмыстары, электрмен жабдықтау жүйелері мен сыртқы инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Политехникалық колледж жанындағы IT-хаб 300 орынға арналған үш қабатты оқу-өндірістік ғимарат болады. Мұнда IT саласындағы мамандарды даярлауға арналған заманауи жағдайлар жасалады: компьютерлік сыныптар, мамандандырылған аудиториялар, серверлік бөлме, IT-бөлім кабинеті, сондай-ақ цифрлық технологияларды меңгеруге арналған оқу кеңістіктері қарастырылады.

Хаб базасында оқыту және тәжірибелік даярлау заманауи білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылып, бағдарламалау, цифрлық жүйелермен жұмыс істеу және жобалық қызмет дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріледі. Жоба бәсекеге қабілетті IT-мамандарды қалыптастыруға және өңірдің цифрлық ортасын дамытуға бағытталған.

Облыс әкімі жоба өңір үшін аса маңызды екенін атап өтіп, барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындауды және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Политехникалық колледж болашақ мамандарды даярлайтын маңызды алаңға айналуда. Салынып жатқан IT-хаб студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, заманауи білім беру ортасын және цифрлық технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге жағдай жасауы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жарияланған Цифрландыру жылы аясында бағдарламалау, киберқауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу және жүйелік әкімшілендіру салаларында мамандар даярлау ерекше маңызға ие. Біздің міндетіміз – жастардың сапалы білім алып, алған білімдерін тәжірибеде қолдануына жағдай жасау. Бұл IT-хаб талантты студенттердің басын қосатын орталыққа айналып, өңірдегі цифрлық құзыреттердің дамуына жаңа серпін береді деп сенемін», – деді облыс әкімі.