
Көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамы аудан орталығында кең көлемде аталып өтті. Ұлыстың ұлы күніне жиналған жұртшылық мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен аналар, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Бұл күн ел бірлігі мен татулығын айшықтайтын маңызды мерекеге айналды.
Орталық алаңда тігілген киіз үйлер ұлттық салт-дәстүріміз бен қонақжайлығымыздың көрінісі болды. Келушілерге Наурыз көже мен түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды.
Мерекенің ажарын ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар аша түсті. Арқан тартыс, қол күрес, гир көтеру секілді сайыстар көпшіліктің қызығушылығын арттырды.
Сонымен қатар, өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен күй, жыр мен терме ұлттық рухты асқақтатты.
Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, ол – бірлік пен ынтымақтың, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығының мерекесі.