
Жобаны «Кока-Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны» ЖШС жүзеге асырады. Оның құрылтайшысы — Coca-Cola İçecek A.Ş.
Облыс әкімі Асхат Шахаров Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчельді қабылдады. Кездесу барысында инвестициялық жобаны іске асыру кезеңдері және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Зауыт құрылысына салынатын инвестицияның жалпы көлемі 41,9 млрд теңге. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 млн литр алкогольсіз сусын өндіруге жетеді. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
«Coca-Cola Içecek зауытын салу жобасын іске асыру Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бұл тек қомақты инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, заманауи технологиялар мен өндірістің экологиялық стандарттарын енгізу деген сөз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инвесторға жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіледі», — деп атап өтті өңір басшысы.
Жоба аясында 150 жұмыс орны құрылады. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға елеулі үлес болмақ.
Қазіргі таңда кәсіпорын құрылысы үшін 41-разъезд ауданынан 25 гектар жер телімі бөлініп, жобалау және дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа өндірістік кешен Қазақстандағы Coca-Cola Içecek компаниясының төртінші зауыты болады. Ол заманауи технологиялық желілер, қалдықтарды экологиялық басқару жүйелері және халықаралық тұрақты даму стандарттарына сай энергия үнемдейтін шешімдермен жабдықталады.
Жобаны іске асыру Ақтөбе облысының елдегі индустриялық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып, ірі халықаралық инвестициялар тартуға және экономиканың сабақтас салаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.