Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында аритмология бойынша Құзырет орталығы ашылды

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында аритмология бойынша Құзырет орталығы ашылды

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында Аритмология бойынша құзырет орталығы және жүрекшелер фибрилляциясы кабинеті ашылды.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының бас штаттан тыс аритмологы Абдрахманов А.С., Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сұлтангереев Е.Б., сондай-ақ Ақтөбе облыстық «Qamqor» денсаулық сақтау кәсіподағының төрағасы Сабыр Қ.К. қатысты.

Орталықтың ашылуы жүрек ырғағының бұзылыстары бар пациенттерге мамандандырылған көмекті дамытуға бағытталған. Аритмиялар кардиологқа жүгінудің ең жиі себептерінің бірі болып табылады және инсультке, жүрек жеткіліксіздігіне, кенеттен жүрек өліміне әкелуі мүмкін.

Орталықта жүрекшелер фибрилляциясы бар пациенттерге ерекше назар аударылады. Бұл дерт инсульт қаупін бірнеше есе арттырады. Қызметтің негізгі бағыты – ауруды ерте анықтау, қауіп факторларын бағалау, тиімді антиаритмиялық және антикоагулянттық емді жеке іріктеу, сондай-ақ пациенттерді тұрақты бақылау.

Орталық заманауи диагностикалық мүмкіндіктермен жабдықталған, оның ішінде электрокардиография және холтерлік мониторинг жүргізіледі. Қажет болған жағдайда пациенттер әрі қарай мамандандырылған ем алуға бағытталады.

Аритмология бойынша құзырет орталығының ашылуы өңірде кардиологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, жүрек-қан тамырлары асқынуларының алдын алуға және аурушаңдық пен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етеді.