«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» атындағы саябаққа Ырғыздықтар көптеп жиналып, бір-бірін жаңа жылмен құттықтап жатты. Мерекелік алаңға Аяз Ата мен Ақшақарлар шерулетіп, әндетіп жетті. Сахнаға көтерілген аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов ырғыздықтарды жаңа жылмен құттықтады. Еңбектегі және қоғамдағы белсенділіктерімен көрінген бір топ еңбек адамына марапаттар табысталды. Өткен 2025 жыл халқымыз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің кезеңі болды. Бұл жыл біздің ауданымыз үшін де табысты жыл болды. Ауқымды жұмыстар атқарылды, көптеген түйткілді мәселелер шешімін тапты. Ырғыздың 180 жылдығы атап өтілді. Аудан басшысы алдағы міндеттерге де тоқталып өтті. Мерекелік іс-шара аудан орталығындағы мекеме ұжымдарының қолдауымен көңілді концерттік бағдарламамен жалғасты. От шашу көкке көтеріліп, Ырғыздың түнгі аспанын түрлі жарықпен көмкерді. Жаңа жылдың келгенін паш етті.