Президент Кеңесшісі Ақтөбе облысының ауыл әкімдерімен кездесті

Президент Кеңесшісі Ақтөбе облысының ауыл әкімдерімен кездесті

Бүгін өңір басшысы Асхат Шахаров және ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен облыстың барлық деңгейдегі ауыл әкімдерімен кездесу өтті.

Кездесудің басты мақсаты — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды өңірлерде іске асыру тетіктерін талқылау, сондай-ақ қоғаммен тиімді кері байланыс орнату.

Өз сөзінде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және ауыл әкімдерінің басқарушылық әлеуетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2025 жылдың 17 ақпанынан ауыл әкімдерінің кәсіби даярлық бағдарламасы іске асырыла бастады.

Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалында 118 ауыл әкімі оқуын аяқтаған, ал 31-і қазіргі таңда біліктілігін арттыру курстарынан өтуде.

Жалпы, аймақтағы ауыл әкімдерінің 90 пайызы – тікелей сайлау арқылы тағайындалған, ал олардың 60 пайызы бұған дейін мемлекеттік қызметте істемеген.

Асхат Шахаров бұл жиын ауыл әкімдері үшін маңызды бағыт-бағдар беретінін тілге тиек етті.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ауыл әкімдері үшін елімізде барлық жағдай жасалғанын айта келе, ауылдық аумақтарды дамытуда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің рөліне айырықша тоқталды. Ол ауыл шаруашылығын автоматтандыру, инфрақұрылымды цифрландыру, білім мен денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды енгізу – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.

Кездесу барысында ауыл әкімдері өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы өз ой-пікірлерін білдіріп, тәжірибе алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында қатысушылар мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформацияны жандандыру және ауылдық жерлердің даму әлеуетін арттыру жөнінде бірлескен жұмыстарды күшейтетінін алға тартты.