Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункт ашылды.

Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункт ашылды.

Ұлттық жоба аясында Ақтөбе облысының шалғай ауылында медициналық пункт ашылды. Конституция күніне 30 жыл толуына орай Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Жарма ауылында жаңа медициналық пункт ашылды.

Бүгінде елді мекенде 52 үй орналасқан, онда 336 адам тұрады. Жаңа нысан тәулігіне 25 адам қабылдай алады. Құрылыстың жалпы құны 145 млн теңгені құрады. Жұмыстарға «САК групп» ЖШС жауапты болды.

Жақында ғана бұл ауылға газ тартылған еді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін және сапасын арттыру мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін үнемі атап өтеді. Мұндай жобалардың жүзеге асырылуы халық денсаулығын нығайтуға және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Салтанатты шараға қатысқан ауыл ақсақалдары тұрғындардың қажеттіліктеріне көңіл бөлініп, инфрақұрылымның дамып жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Жаңа нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында бой көтерді. Медициналық пункт амбулаторлық бақылау мен ауыл тұрғындарын емдеуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жалпы, 2025 жылы өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2,4 млрд теңгеге 14 нысан салу жоспарланған. Оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 8 медициналық пункт бар.