Ата Заңымызға - 30 жыл!

Ата Заңымызға - 30 жыл!

Биыл еліміздің Конституциясына 30 жыл толады. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану — ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы, бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі — Конституцияның құрметін арттыру болса керек.

Бүгін «Арай» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Ата заң-алтын тұғырымыз» атты салтанатты іс-шара өтті.

Аудан әкімі Н.Қызбергенов жиналғандары мерекемен құттықтап, Ата Заңымыздың мемлекет үшін қашан да мәртебесі жоғары екендігін атап өтті. Ақжарма тілегенін кейін ауданымыздың даму жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген бірқатар ырғыздықтарды марапаттады. Олардың басым бөлігі әр салада белсенді қызметімен көзге түскен жұмысшы-қызметкерлер. Сондай-ақ, «Мерейлі отбасы - 2025» ұлттық конкурсы аудандық кезеңінің бас жүлде иегері  Әбдіразақовтар,  1 орынды иеленген Алмановтар отбасы да марапатқа бөленді.

Сонымен бірге мерекеде бірнеше жас маман «Аманат» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының  алғыс хаттарына ие болды. Сахнада «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталған бір топ ұстазға көпшілік қол соқты.

Салтанатты жиын «Арай» мәдениет үйі ұжымының жетекшілігімен концертпен жалғасты. Бойға рух беретін әсем ән мен күйлер алма-кезек орындалып жатты.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Ата Заңымыз айбарлы болғай!