
Кәсіпкерлер палатасында еңбек заңнамасының өзекті мәселелері талқыланды
Бүгін Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен ашық кездесу өтті.
Кездесу барысында Департамент басшысының міндетін атқарушы Талғат Искарин және еңбек саласындағы бақылау және талдау бөлімінің бас маманы – мемлекеттік еңбек инспекторы Ләйлә Есалиева еңбек заңнамасына енгізілген өзекті өзгерістер, жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекшеліктері туралы жан-жақты түсіндірме берді.
Іс-шараға облыстың 30-ға жуық кәсіпорнының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары онлайн форматта қосылып, аудан кәсіпкерлеріне қажетті түсіндірмелер алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді.
Кездесу барысында жұмыс берушілер тәжірибеде жиі кездесетін мәселелерге ерекше назар аударып, нақты жағдайларды талқылап, уәкілетті орган мамандарынан құзыретті жауаптар мен еңбек заңнамасын дұрыс қолдану бойынша ұсынымдар алды.
Мұндай кездесулер жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.