
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрбір жұмыс беруші өз қызметкерлерін еңбек міндеттерін орындау барысында орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Бұл талап қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ өндірістік жарақат, кәсіптік ауру немесе еңбек қызметіне байланысты өзге де зиян келтірілген жағдайларда олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Мұндай сақтандыру қызметкерге сақтандыру жағдайы туындаған кезде келтірілген зиянның өтемін алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, еңбекке қабілеттілігін жоғалтуға байланысты төлемдер, ем алу және оңалту шығындары өтеледі. Кейбір жағдайларда асырауындағы адамдарға да тиісті төлемдер қарастырылады.
Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа кірістірмес бұрын сақтандыру ұйымымен міндетті сақтандыру шартын жасасуы қажет.
Міндетті сақтандыру шартының болмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 160-тан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде, яғни шамамен 692 мыңнан 4 миллион 325 мың теңгеге дейін айыппұл көзделген.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жұмыс берушілерге қызметкерлерді міндетті сақтандыру шарттарын уақытылы рәсімдеп, еңбек заңнамасының талаптарын сақтаудың маңыздылығын ескертеді.
Қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету — жұмыс берушінің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға және еңбек қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.