
11 наурыз күні «Көктас Ақтөбе» силикат бұйымдары зауытының қызметкерлеріне жалақы толық төленді, деп хабарлайды «Диапазон».
Еске салайық, бұған дейін шамамен 90 зауыттың жұмысшысы қаңтар айынан бері өздерінің еңбек ақысын ала алмай жүргені туралы жазылған болатын. Жұмысшылар тілшіге олардың көбінің несиелері бар екенін, зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыру төлемдері түспей жатқанын айтқан. Тіпті кейбіреулер жұмысына жаяу баруға мәжбүр болған.
6 наурыз күні «Көктас Ақтөбе» силикат зауытының жұмысшылары еңбек департаментіне, прокуратураға және бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінді. Сол күні кешке оларға қаңтар айының жалақысы төленді.
11 наурызда «Көктас-Ақтөбе» ЖШС силикат зауыты жұмысшылары алдындағы ақпан айына берешек жалақыны толық өтеді, – деді мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Талғат Искарин.
Зауыт басшылығы жалақының кешігуін маусымдық қаржылық қиындықтармен түсіндірді.