Оңдасын Оразалин салықтар мен түсімдердің толықтай түсуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Оңдасын Оразалин салықтар мен түсімдердің толықтай түсуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында салық салынатын базасын кеңейту сұрақтары қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Өңір бюджетінің кіріс бөлігінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша атқарылуы мен 2021 жылға арналған міндеттері туралы Ақтөбе облысының мемлекеттік кірістер, полиция, экология департаменттері мен ИИДБ басшылары баяндады. Өткен жылдың ішінде облыс бюджетінің кірістер бойынша жоспары 104,7% құрап, бюджетке 312,2 млрд. теңге салық түсімі түсіпті. Жергілікті бюджетке қосымша 4,5 миллиард теңге түссе, оның 2,7 млрд теңгесі салық базасын кеңейту шаралары нәтижесінде өндірілген.
Салық базасын кеңейтудің қосымша резервтерін табу үшін барлық қажетті шараларды қолданып жатқаны баса айтылды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың балансында тұрған және жұмыс жасап жатқан ұйымдарға беруге жататын мүлік салығы бойынша, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында салық салу бойынша айтарлықтай резервтер бар. Облыстық бюджеттің негізгі төлемдерінің бірі әкімшілік айыппұлдар болып табылады.
2020 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, өсім 27,6% құраған. Жүргізушіліердің әрекетін бақылау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе қаласында көлік құралдарын тіркейтін автоматтандырылған жүйе орнатылды. Ол 157 жол қозғалысы ережесін бұзғандарды тіркейді. Былтыр жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қатысты 238 млн теңгеге 35​ 340 бұйрық рәсімделіп, 193 млн. теңге өндірілді.
Жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті бюджетке 2,7 млрд. тг. аударды. Келісімшарттық міндеттердің орындалмауына байланысты былтыр жеті келісімшарт бұзылды.
2020 жылы қоршаған ортаны ластағаны үшін бюджетке 7,9 млрд теңге түсті. Профилактикалық және жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері бойынша 250 экологиялық заңнаманың бұзылғаны анықталып, 13 млн. теңгеге 94 айыппұл салынды, 7,7 млрд теңгеге экономикалық нұқсанды өтеу туралы 50 арыз берілді.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бюджеттің биылғы жылғы кіріс бөлігінің атқарылу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі жаман емес, алайда әлі де толықтай пайдалануымыз қажет резервтер бар. Осы жылы бізді өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешетін Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасы аясында қабылданған Жол картасын жүзеге асыратын үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз халықтың тұрмыс сапасын көтерудің барлық міндеттерін сапалы әрі межеленген мерзімде орындауға тиіспіз. Оларды орындау үшін біраз қаражат керек. Барлық бағыттарды талдап, салық салынатын базасын кеңейту үшін резервтер іздеңіздер, салықтар мен түсімдердің толық түсуін қамтамасыз етіңіздер, берешектерді өтетіңіздер»,- деп тапсырды Оңдасын Оразалин.