Автогаз толтыру компрессорлық станциясы іске қосыл

Автогаз толтыру компрессорлық станциясы іске қосыл

Автогаз толтыру компрессорлық станциясы іске қосылды Әйтеке би ауданында жол бойындағы сервистік қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды инвестициялық жоба іске қосылды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында ауданымыздағы алғашқы автогаз толтыру компрессорлық станциясы пайдалануға берілді.

Жобаның бастамашысы – «Алаш Метан» ЖШС. Инвестициялық жоба инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 21 млн м³ метан газын өндіруге мүмкіндік береді.

Жоба мемлекеттік қолдау шаралары аясында Өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, оң қорытынды негізінде инвестициялық жобаны іске асыру үшін 1 гектар жер телімі бөлінді.

Қарабұтақ ауылы аумағы арқылы өтетін «Самара – Шымкент» республикалық автомобиль жолы бойымен тәулігіне шамамен 16 мың автокөлік қатынайды. Қазіргі таңда аталған аумақта 7 жанар-жағармай құю станциясы, 5 газ құю бекеті, 5 кемпинг және қонақ үй қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мақсатында 3 кемпингтің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы орган аталған аумақта жол бойындағы қызмет көрсету және сервистік инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын.