
Өңірде құрылыс саласына қажетті материалдар өндірісі дамып келеді. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Фотон» ЖШС автоклавты ұяшықты бетоннан жасалған қабырға блоктарын шығарып, өнімдерін Қазақстанның бірнеше өңіріне жеткізуде.
Кәсіпорынға барған сапар барысында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өндірістік үдерістермен, өнімнің сапа көрсеткіштерімен және құрылыс саласында қолданылу ерекшеліктерімен танысты.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, ұяшықты бетонның маңызды артықшылықтарының бірі – жылу өткізгіштігінің төмендігі. Бұл құрылыс нысандарында жылу оқшаулау тиімділігін арттырып, қабырға қалыңдығын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
«Фотон» ЖШС өнімдері тұрғын үй, коммерциялық және өнеркәсіптік нысандардың құрылысында пайдаланылады. Кәсіпорын өнімдерін Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына жеткізеді. Биыл Қостанай облысына жеткізу көлемінің де артқаны байқалады.
Құрылыс материалдарын өндіруді дамыту ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және өңірдегі инвестициялық жобаларда жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді.