
Ақтөбе облысының әкімдігі «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы аумағында мыс өңдеу бойынша индустриялық кластер құру жобасының қазіргі мәртебесі туралы хабарлайды және осы мәселеге қатысты жекелеген БАҚ пен экологиялық белсенділердің жарияланымдарына байланысты өңірдің ұстанымын түсіндіреді.
«Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасы» инвестициялық жобасын «Phoenix Industrial Group» ЖШС «Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group» холдингінің қатысуымен іске асыруда. Жоба мыс сынықтары мен катодты мысты қайта өңдеуді ғана емес, сонымен қатар толық өндірістік циклді — электротехникалық мақсаттағы мыс сымтемірін және кабель өнімдерін шығаруды көздейді. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды (айналым қаражатын қоса алғанда).
Өңір мен ел үшін мұндай жобалардың стратегиялық маңызы бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде әлемде инвестициялар үшін қатаң бәсекелестік жүріп жатыр, ал инвестицияларсыз тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету қиын.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елде шамамен 470 мың тонна катодты мыс өндірілген. Оның ішінде елімізде терең өңдеуден небәрі шамамен 17 мың тоннасы ғана өткен (өндіріс көлемінің 4%-дан азы), қалған бөлігі өңделмеген күйінде экспортталады. Кабель саласында да жағдай ұқсас: салалық бейінді одақтың мәліметіне сәйкес, 2026 жылы елдегі қолданыстағы барлық кабель зауыттары жиынтығында шамамен 13,6 мың тонна мыс сымтемірін өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл болашақ кәсіпорынның бірінші кезеңінің ғана қуатынан жылына 25 мың тоннадан екі есеге жуық аз.
Меншікті қайта өңдеу қуаттарын қалыптастыру бұл құрылымды өзгертуге, өңірде жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және отандық кабель өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге облыс әкімдігі жобаның экономикалық тиімділігі экологиялық талаптарды сақтау және халықтың денсаулығын қорғау мәселелерінен бөлек қарастырылмайтынын негізге алады. Бұл қағидат жобаны іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеудің негізгі ұстанымы.
Бүгінгі таңда жоба жоспарланып отырған қызметті скринингтен өткізу кезеңінде, яғни толыққанды мемлекеттік экологиялық сараптаманың алдындағы экологиялық бағалаудың бастапқы сатысында тұр.
Инвестордың ақпараты бойынша осы рәсім аясында жарияланған көрсеткіштердің бір бөлігінде құжаттарды дайындау барысында мердігер ұйым жіберген қателіктерге байланысты деректер кездескен.
Қазіргі уақытта материалдар нақтыланып, скринингке қайта ұсынылады. Осыдан кейін ғана жоба кешенді мемлекеттік экологиялық сараптамаға өтеді. Оның барысында өндірістің барлық техникалық және экологиялық параметрлері — шығарындылар, тазарту жүйесі, су пайдалану, қалдықтарды басқару мәселелері тексеріледі.
Ашықтықтың қосымша кепілі ретінде екі қоғамдық тыңдау өткізіледі. Онда қорытынды көрсеткіштер қала тұрғындарына ұсынылады.
Ақтөбе облысының әкімдігі өңір тұрғындарын заңнамада көзделген экологиялық сараптама рәсімдері аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын баға беруден бас тартуға шақырады.
Тұрғындар, экологтар мен салалық сарапшылардың барлық ескертуі заңда белгіленген рәсімдер шеңберінде қаралуы тиіс. Объективті жағдайды дәл осы қорытынды әрі заңдық тұрғыдан маңызды құжаттама көрсетеді.
Инвестор өз тарапынан барынша ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өңір өкілдері — журналистер, эко-белсенділер және салалық сарапшылар үшін Қытайға таныстыру сапарын ұйымдастырды. Олар биылғы жылдың 24-30 тамызы аралығында осындай жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандарға барып, қолданылатын технологияларды, оның ішінде инвестор мәлімдеген көпсатылы тазарту және шығарындыларды бақылау жүйесін өз көздерімен көреді.
Мемлекет үшін инвестиция тарту маңызды. Алайда экологиялық қауіпсіздік — басты басымдықтардың бірі.
Сондықтан әрбір жоба экологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мұқият бағаланады және қоршаған ортаға немесе халықтың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жобаларды іске асыруға ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ.