Асхат Шахаров облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады

Асхат Шахаров облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады

Кездесуде тұрғын үймен қамту, медициналық көмек, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және білім беру салаларына қатысты бірқатар мәселе көтерілді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Қабылдау барысында өтініш иелері өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, ұсыныстарын білдіруге, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен заңнама нормаларына қатысты жан-жақты түсіндірме алуға мүмкіндік алды.

Кездесуде азаматтардың бірі баспана мәселесін шешуге жәрдем сұрады. Тағы бір өтініш 2022 жылы туған баланың денсаулығына байланысты қажетті медициналық көмек пен оңалту шараларын ұйымдастыруға қатысты болды. Қарғалы тұрғын алабындағы көпқабатты үйдің жылыту жүйесі мен шатырының жағдайы да назарға алынды. Сонымен қатар ата-аналар атынан қаладағы мектептердің бірін жөндеу мәселесі көтерілді.

Қабылдауда Бауырластар-3 тұрғын алабының инфрақұрылымына қатысты сұрақтар да қаузалды. Тұрғындар ауыз сумен қамту, ішкі көшелерді жөндеу, көше атауларын белгілеу, аялдамалар мен балаларға арналған алаңдар салу мәселелерін жеткізді.

Әкім әрбір өтініш иесін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша толыққанды жауап берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштерді Асхат Шахаров жеке бақылауына алып, әкімдіктің тиісті құрылымдық басқармалары және өзге де мемлекеттік органдар оларды жан-жақты қарастырып, қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.