
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келіп, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру салаларындағы жобаларды және әлеуметтік нысандар құрылысын көрді.
Президент қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар ең алдымен халықтың жайлы тұрмысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуін көздейді. Ауқымды жұмыстардың барлық кезеңі, мәселелері - Үкімет бақылауында.
Жұмыс сапарының екінші күнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері туралы жиын өткізді. Онда Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкіндіктері талқыланды.
Инвестициялық жобаларды уақытылы іске қосу, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндірістер тарту, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және техникалық жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылды.
Әрі қарай «109» Ахуалдық орталығында мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастырылған цифрлық платформа, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өндірістің даму жоспары таныстырылды.
Сапар аясында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның алдағы жылу маусымына дайындығы да қаралды. Жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, жылу беру маусымын тұрақты өткізу тапсырылды. Жоспар бойынша дайындық қыркүйекте бітуі тиіс.
Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайының жанынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Аумағы - 1,6 гектар, серуендеу және жүгіру жолақтары, балалар мен спорт алаңдары, амфитеатр және демалыс аймақтары қарастырылған. Қазіргі кезде құрылысы аяқталуға жақын. Мұндай қоғамдық кеңістіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарына сай келеді.
Сапар соңында Алтын Орда шағын ауданындағы экономикалық-іскерлік аумақта іске асырылатын жобалар, музыкалық драма театр, 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы таныстырылды.
Қорытындысында өңірде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды, барлық нысанның құрылыс сапасын бақылау тапсырылды.
Өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары аймақтағы қай жобаның да сапалы орындалып, уақытында ел игілігіне берілуі өте маңызды.