
Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков пен облыс әкімінің кеңесшісі Жасұлан Қаратаев Contemporary Amperex Technology Co., Limited компаниясының стратегиялық шикізатпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сун Минчуань бастаған делегациямен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және минералдық шикізатты терең өңдеу бағытындағы мүмкіндіктерді талқылады.
CATL компаниясының өкілдері Ақтөбе облысының минералдық-шикізаттық әлеуетіне қызығушылық танытты. Сондай-ақ шикізатты терең өңдеу өндірістерін құру және қосылған құны жоғары өнім шығару мүмкіндіктері қарастырылды.
Досжан Әлібеков делегацияны өңірдің инвестициялық әлеуетімен, инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерімен және облыс аумағында инвестициялық жобаларды іске асырудың артықшылықтарымен таныстырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдіріп, перспективалы инвестициялық жобаларды пысықтау мақсатында бірлескен қазақстандық-қытайлық жұмыс тобын құруға қызығушылық танытты.