INVEST CARAVAN: Ақтөбеде инвесторлардың мәселелері тікелей өндіріс алаңдарында шешілуде

INVEST CARAVAN: Ақтөбеде инвесторлардың мәселелері тікелей өндіріс алаңдарында шешілуде

Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тағиберген Invest Caravan акциясы аясында өңірдегі бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Аталған бастама инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан нысандарға тікелей барып, бизнес өкілдерінің мәселелерін жедел шешуге, әкімшілік кедергілерді жоюға және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жобаның негізгі мақсаты – инвесторлар, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор арасында бюрократиялық кідірістер мен ұзақ хат алмасуларсыз тікелей диалог орнату.

Іс-шара барысында инженерлік инфрақұрылымға қосылу, рұқсат құжаттарын алу, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуы, әкімшілік қысым фактілері және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Инвесторлар өз сұрақтарын жобалар жүзеге асырылып жатқан алаңдарда тікелей көтеріп, уәкілетті органдардан жедел жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Сапар аясында Айбек Тағиберген «KAZFELTEC» ЖШС-нің жүн өңдеу зауытында болды. Кәсіпорын италиялық технологияларды пайдалана отырып, табиғи қой жүнінен жоғары сапалы жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіреді.

Сондай-ақ, «Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестігінің дәрілік заттарды сақтауға арналған заманауи қоймасының құрылысымен танысты. Жоба Батыс Қазақстан өңіріндегі дәрі-дәрмек логистикасын күшейтуге және сақтау мен тарату жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Қойманың бастапқы аумағы 4 мың шаршы метрді құраса, алдағы кезеңде оны 10 мың шаршы метрге дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл дәрілік препараттарды жеткізу мерзімін қысқартып, медициналық қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Одан кейін түркиялық «Murel» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Aktobe Energy Gaz» ЖШС-нің электр энергиясын өндіру жобасы таныстырылды. Кәсіпорын өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды жобаны іске асыруда. Қазіргі таңда облыстағы орнатылған қуат көлемі 982 МВт болса, қосымша 232 МВт электр энергиясы сырттан жеткізіледі. Осыған байланысты жаңа энергия көздерін іске қосу өңір үшін стратегиялық маңызға ие.

Сонымен қатар, индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жобасы қаралды. Кәсіпорында жылына 25 мың тоннаға дейін желімдік, сылақ, шпаклевка, тегістегіш, өнеркәсіптік (торкрет-бетон, топпинг), әмбебап және инновациялық құрылыс қоспалары шығарылатын болады.

Жоба аясында құрылыс кезеңінде 20 жұмыс орны, ал өндіріс іске қосылғаннан кейін тұрақты 30 жұмыс орны ашылады.

INVEST CARAVAN инвесторлардың нақты мәселелерін жедел шешуге және өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған тиімді алаң ретінде өз жұмысын жалғастыруда.