Индустрияландыру картасының жобалары

Индустрияландыру картасының жобалары
Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиын кезінде Индустрияландыру картасының жобаларын жүзеге асыру сұрақтары қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, кәсіпорын өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің сөзінше, Индустрияландыру картасы аясында биыл өңірде 138,3 млрд.теңгеге 1156 жұмыс орнын құратын 23 жоба жүзеге асырылуда. Он айдың ішінде 54,5 млрд. теңгеге жеті жоба іске қосылды, жыл соңына дейін құны 83,8 млрд теңге болатын 16 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Барлық жобалардың желілік кестесі бар, олардың жүзеге асырылуы үнемі бақылауда.
Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы кәсіпорын басшыларын тыңдап шығып, нысандардың пайдалануға беру мерзімін нақтылады.
Инвесторлар мемлекеттік органдар тарапынан жедел қолдауды талап ететін өзекті мәселелерін айтты. Олардың қатарында "Бизнестің жол картасы" аясында нысандарға қарай апаратын жолдарды, асфальт төсеу, электр желілерін тарту, жер телімдерін алу және т.б. сұрақтары бар.
Қайрат Бекенов жиынға қатысушылардың назарын жүйелік сұрақтарға аударды. Атап айтқанда ақтөбелік тауарөндірушілер өнімді ЕАЭО мүшесі болып табылатын мемлекеттердің аумағына экспорттау кезінде құжаттары ұзақ рәсімделеді.
Қолайлы бизнес-климат жасау мақсатында рұқсаттама құжаттарын берудің, инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттардың процедуралары мен мерзімін қысқарту бойынша оңтайландыруды жалғастыру, электрондық платформаларды интеграциялау және құрылысқа рұқсат беру процесіне жұмылдырылған органдар арасындағы өзара қатынасты жақсарту және т.б. ұсынылды.
"Барлық нысандарды белгіленген мерзімінде пайдалануға беру керек. Олар жаңа жұмыс орындарын ашу, салық салынатын негіздерді кеңейту және т.б. сияқты бірқатар маңызды сұрақтарды шешеді. Біз өз тарапымыздан жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз",- деп сөзін түйіндеген Оңдасын Оразалин әр жобаға талдау жасауды тапсырды.