Аймақ басшысы Асхат Шахаров Димаш Құдайбергенмен кездесті

Аймақ басшысы Асхат Шахаров Димаш Құдайбергенмен кездесті

Облыс әкімі мен өнер иесінің кездесуінде аймақтың дамуы, туған қаланың өсіп-өркендеуі және мәдениет саласының перспективалары туралы әңгіме өрбіді.

Димаш Құдайберген өзінің шығармашылық жоспарларымен бөліссе, Асхат Шахаров таяу уақытта өңірде іске асырылатын ірі жобаларды таныстырды.

Облыс әкімі ақтөбеліктердің Димашты әрдайым қуана қарсы алып, оның әлемдік сахнадағы жетістіктерін мақтан тұтатынын атап өтті.

«Ақтөбеге қош келдіңіз! Сізді туған жеріңізде әрдайым қуана қарсы аламыз. Тығыз жұмыс кестеңізге қарамастан, туған қалаңызбен байланысыңызды үзбей келе жатқаныңыз біз үшін аса маңызды. Ақтөбе – Сізді әрдайым жақсы көретін, қуана қарсы алатын және қолдайтын мекен. Сізге шабыт, қолға алған жобаларыңыздың сәтті жүзеге асуын және жаңа шығармашылық белестер тілеймін», – деді облыс әкімі.

Димаш Құдайберген жылы қабылдау мен ізгі тілектер үшін өңір басшысына алғыс білдірді.

Еске салсақ, Димаш Құдайберген Ақтөбеге сапары аясында М. Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияға және А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжге барып, ұстаздарымен кездесті. Алдағы күндері өңірде әншінің жаңа музыкалық бейнебаянының түсірілімі басталады.