
Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қытайлық бизнес тарапынан қызығушылық артып келеді. Бүгін осы бағытта 60-қа жуық компания өкілінің қатысуымен бейнеконференция өтті. Іс-шара Шэньси провинциясының Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеті және Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және логистика салаларындағы нақты ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков өңірдің инвестициялық тартымдылығына ерекше тоқталды.
«Ақтөбе облысы – энергетика, шикізатты терең өңдеу және инфрақұрылымды дамыту бағыттары бойынша ірі жобаларды іске асыруға қолайлы өңір. Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді ол.
Кездесуде «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті де кеңінен таныстырылды. Басқарушы компания төрағасының орынбасары Азат Асанов инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктержәне өндірістерді орналастыру шарттары туралы ақпарат берді.
Кездесу қытайлық компаниялар тарапынан жоғары қызығушылық тудырды. Тараптар инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.