Ақтөбелік кәсіпкерлер «Таза Қазақстан» науқанына атсалысады

Ақтөбелік кәсіпкерлер «Таза Қазақстан» науқанына атсалысады

Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесу өтті.
Жиында өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастыру және санитарлық тазарту жұмыстарын үйлестіру мәселелері талқыланды.

Жиынға Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Махамбетов,
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов және Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жансерік Құлманов қатысты.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 28 наурызы мен 30 мамыры аралығында қала аумағында санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша екі айлық іс-шаралар жүргізілуде.

Науқанның негізгі бағыттары қоғамдық орындар мен көшелерді санитарлық тазартуды, кәсіпкерлік нысандардың іргелес аумақтарын абаттандыруды, мекемелер мен сауда нысандарының алдына қоқыс жәшіктерін орнатуды, сондай-ақ су айдындарын, аулалар мен жасыл аймақтарды көгалдандыру жұмыстарын қамтиды.

Айта кетейік, ертең қала аумағында «Мөлдір бұлақ» және «Таза өлке» экологиялық акциялары өтеді. Іс-шараға білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, жоғары оқу орындары мен колледждер, мүлік иелерінің бірлестіктері мен бизнес өкілдері қатысады.

Жиында ұйымдастырушылар кәсіпкерлер қауымын экологиялық бастамаға бей-жай қарамай, қала келбетін жақсартуға белсене қатысуға шақырды.

Таза ортаны сақтау — өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасының басты кепілі.