
Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің төрағалығымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің базасында кәсіпкерлікті дамыту және сотталған азаматтарды еңбекпен қамту мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Жиын барысында мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары және екінші деңгейлі банк басшыларының қатысуымен кооперацияны нығайтудың жаңа тетіктері мен өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Басқарма басшысы Досжан Әлібеков өз сөзінде ҚАЖ мекемелерінің инфрақұрылымы кәсіпкерлік субъектілері үшін дайын өндірістік алаң екенін, мұнда тігін, жиһаз құрастыру, темір-бетон бұйымдарын шығару және жөндеу-механикалық жұмыстары сияқты бағыттарды дамытуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Бүгінгі таңда №8 мекеме аумағында 18 шағын бизнес субъектісі табысты жұмыс істеп жатыр.
Жиынды қорытындылай келе, басқарма тарапынан өндіріс ашуға ниетті кәсіпкерлерге жан-жақты кеңес беріліп, әрбір әлеуметтік маңызды жобаға құқықтық және әдістемелік қолдау көрсетілетінін растады. Бұл бастамалар сотталған азаматтарды еңбекке баулу арқылы олардың қоғамға бейімделуіне септігін тигізіп қана қоймай, өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне де оң ықпал етпек.