
Halyk Bank филиалында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараға өңірлік атқарушы органдардың, қаржы институттарының, АЭА басқарушы компаниясының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Кездесудің мақсаты — инвестициялық жобаларды тарту және өңірдің әлеуетін арттыру.
Мемлекет басшысының инвестициялық белсенділікті арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде «инвестицияға тапсырыс» механизмі енгізілуде. Ол инвестициялық жобаларды жүйелі сүйемелдеу мақсатында кәсіпкерлермен тұрақты кездесулер өткізуді көздейді.
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов инвестиция тарту мен өнеркәсіпті дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
АЭА басқарушы компаниясының төрағасы Мақсат Айтимбетов қатысушыларға арнайы экономикалық аймақтың салықтық және кедендік жеңілдіктері, бос жер учаскелерінің мүмкіндіктері, инженерлік инфрақұрылымның дайындық деңгейі және резидент мәртебесін алу тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Қаржы институттарының өкілдері мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдарын таныстырды. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды субсидиялау, кепілдік қолдау және несиелеу мүмкіндіктері ұсынылды. Ашық диалог форматында кәсіпкерлер өз бастамаларын ұсынып, практикалық сұрақтарға жауап алды және болашақ ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша одан әрі сүйемелденетін инвестициялық жобалардың тізімі қалыптастырылып, оларды іске асырудың келесі қадамдары айқындалды.
Іс-шара бизнес пен билік арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, өңірдегі инвестициялық бастамалардың дамуына жаңа серпін берді.