Ақтөбеде өңір экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар талқыланды

Ақтөбеде өңір экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің төрағалығымен өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырыста өңір экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған үш инвестициялық жоба қаралды.

Падел-орталық салу
Жоба халық арасында спортты дамытуға, жастарды спортпен айналысуға тартуға және заманауи спорт инфрақұрылымын құруға бағытталған. Нысанды 2027–2028 жылдары іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жер телімін таңдау жұмыстары жүргізілуде.

Алға қаласында сұйытылған табиғи газ зауыты
Жылдық қуаты — 115 мың тонна СТГ. Кәсіпорын ішкі нарықты экологиялық таза отынмен қамтамасыз етіп, көлік пен шағын энергетиканы газға көшіруге мүмкіндік береді. Іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Шалқар қаласында ет өңдеу комбинаты
Тәулігіне 70 бас ірі қара және 300 бас ұсақ малды толық өңдеу циклі: сою, салқындату, сақтау және дайын өнімді сату. Нысан 2027 жылы іске қосылады.

 «Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Әр бастама әлеуметтік маңызы бар әрі инвестициялық тартымдылықты күшейтеді», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

 Отырыс қорытындысында жобалар перспективалы әрі әлеуметтік маңызы бар деп танылды. Оларды іске асыру инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.