Инвестиция және әлеуметтік бизнес: Ақтөбе делегациясы Бурса қаласының тәжірибесін зерттеді

Инвестиция және әлеуметтік бизнес: Ақтөбе делегациясы Бурса қаласының тәжірибесін зерттеді

Ақтөбе облысының делегациясы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік кәсіпкерлік тәжірибесін зерделеу мақсатында Бурса қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперация және әлеуметтік жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Делегация губернаторлық жанындағы инвестицияларды мониторингілеу және үйлестіру басқармасымен кездесіп, инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесін зерделеді. Тараптар өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, өндірістік ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл бағыттағы әріптестік өнеркәсіптік жобалардың тиімділігін арттырып, жаңа инвестиция тартуға жол ашады.

Сапардың маңызды бөлігі — Sultan Anneler Federation федерациясымен кездесу болды. Ұйым өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлік тәжірибесімен бөлісіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және шағын өндірісті дамыту модельдерін таныстырды. Федерация ауыл әйелдері мен жастарды қолөнер, тамақ өндірісі және шағын бизнеске тарту арқылы тұрақты табыс көзін қалыптастырған. Бастапқыда ерікті негізде басталған жобалар кейін томат және бұрыш пастасы, тосап өндірісі сияқты бағыттарға ұласып, әлеуметтік кәсіпкерліктің тиімділігін көрсетті. Бұл тәжірибе ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды үлгісі ретінде қарастырылуда.

Сонымен қатар делегация Örnek Yemek Sanayi компаниясының өндірістік кешенін аралады. 4 500 м² аумақта орналасқан кәсіпорын тәулігіне 30 000 порция дайын тағам өндіреді және корпоративтік секторға, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарына қызмет көрсетеді. Мұндай модель қоғамдық тамақтану саласын дамыту және әлеуметтік бағыттағы өндірістерді қолдау тұрғысынан пайдалы тәжірибе ретінде бағаланды.

Сапар барысында делегация Бурса қаласының тарихи-мәдени мұражайын аралап, өңірдің мәдени мұрасымен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық байланыстарды тереңдетуге, әлеуметтік кәсіпкерлік пен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүдделі екенін растады. Тәжірибе алмасу өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіріп, инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.