Ақтөбе облысы Түркиямен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

Ақтөбе облысы Түркиямен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

17–19 ақпан аралығында Ақтөбе облысының делегациясы жұмыс сапарымен Түркия Республикасына барды. Сапардың негізгі мақсаты – инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту, индустриялық аймақтарды басқару тәжірибесін алмасу және екі ел бизнесі арасында тікелей байланыс орнату.

Делегация құрамына өңірдің мемлекеттік органдары мен кәсіпкерлік қоғамдастығының өкілдері кірді: Боранқұлов Д. – Кәсіпкерлер палатасының директоры, Махамбетов М. – дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Андакулова.А. – Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы, Асанов А. – ««Ақтөбе» АЭА-ның басқарушы компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары, сондай-ақ құрылыс материалдары, логистика, IT, агроөнеркәсіп және қоғамдық тамақтану салаларының өкілдері.

Сапар бағдарламасының басты бөлігі Bursa Organize Sanayi Bölgesi индустриялық аймағына бару болды. Бұл — Бурса қаласында орналасқан, Түркиядағы ең тиімді жұмыс істейтін өнеркәсіптік аймақтардың бірі. 1960-жылдары негізі қаланған аймақ бүгінде 300-ден астам компанияны біріктіріп, ірі өнеркәсіптік кластер қалыптастырған және бизнес пен инфрақұрылымның кооперациясының табысты үлгісі болып саналады.

Делегация индустриялық аймақты басқару жүйесімен, салықтық және инвестициялық жеңілдіктермен, инфрақұрылымдық шешімдермен және резиденттерді қолдау тәжірибесімен танысып, бизнесті қолдаудың салықтық жеңілдіктер, коммуналдық қызметтерге төмендетілген тарифтер, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және мемлекеттік инвестициялық ынталандыруларға қол жеткізу сияқты құралдарына ерекше қызығушылық танытты.

Құрылыс саласының өкілдері тауарлық бетон және темірбетон бұйымдарын өндіру бойынша келіссөздер жүргізіп, заманауи технологиялар мен сапа стандарттарын зерделеді. Логистика компаниялары түрік операторларымен кооперация мүмкіндігін талқылады. Қоғамдық тамақтану саласының кәсіпкерлері бірлескен жобалар мен жабдық жеткізу перспективаларын қарастырды.

Сондай-ақ туризм индустриясының өкілдерімен кездесулер өтіп, саланы дамытудағы озық тәжірибелер зерттелді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, кооперациялық байланыстарды дамытуға және инвестициялар тартуға өзара мүдделі екенін растады. Алынған тәжірибе индустриялық аймақтарды дамытуда және кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіруде қолданылатын болады.

Жұмыс сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға маңызды қадам болып, болашақ бірлескен жобаларға негіз қалады.