Жаңа жобалар мен инвестициялар: Ақтөбе облысы қытайлық инвесторларды тартуда

Жаңа жобалар мен инвестициялар: Ақтөбе облысы қытайлық инвесторларды тартуда

12–21 қаңтар аралығында Ақтөбе облысының делегациясы облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің басшылығымен Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Бейжің қаласында өткен келіссөздер өңір экономикасына инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталды.

Сапар аясында делегация Liando Group индустриялық паркіне барып, сондай-ақ Chengdong Housing, Inner Mongolia Jianheng Energy Technology, China Communication Construction Group, CRCC Harbour, China Datang Overseas Investment, Sinoma Cement Co., Ltd. және ҚХР-дың өзге де жетекші өнеркәсіптік әрі инфрақұрылымдық компанияларымен бірқатар кездесулер өткізді.

Келіссөздер аясында қытайлық компаниялардың Ақтөбе облысында өнеркәсіптік өндіріс, құрылыс, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, жоғары технологиялар, энергетика және қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарындағы инвестициялық жобаларға қатысу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, делегация Бейжің қаласында өткен Қазақ–Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктерді дамыту саласындағы ҚХР-дың жетекші консалтингтік ұйымдарының бірі — China Development Institute компаниясымен консультациялар өткізді.

«Сапар қорытындылары қытайлық компаниялардың Ақтөбе облысының негізгі салалары — металлургия, машина жасау, құрылыс, энергетика және жоғары технологиялық жобаларға инвестиция салуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті. Бұл сапар Мемлекет басшысының шетелдік инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары мен ұлттық даму стратегиясына толық сәйкес келеді. Ақтөбе облысы қытайлық инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды жүйелі түрде іске асыруға дайын», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.

Сапар қорытындысы бойынша ұсынылған бастамалар мен тәжірибелерге талдау жүргізіліп, олар алдағы уақытта профильдік құрылымдарда қарастырылатын болады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы ҚХР-мен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.