
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының делегациясы Чэнду қаласында бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.
Делегация құрамында облыс әкімдігінің, сондай-ақ «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы мен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының өкілдері болды.
Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd., Chengdu Zhonghuan Fluid Control Mfg. Co., Ltd., Sichuan Kunjia Group, China Energy Conservation and Environmental Protection Group Corporation, Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group, Eurasia Geo Lab, China Chengda Engineering Company және Sichuan SPSI Cloud Port Development Group компанияларының өкілдерімен өткен келіссөздер барысында минералдық шикізатты терең өңдеу, мұнай-газ саласына арналған жабдықтар өндірісін локализациялау, құрылыс материалдарын өндіру, экологиялық таза қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, геологиялық барлау және логистика салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
«Өткізілген келіссөздер тараптардың инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға деген өзара мүдделілігін растады. Ақтөбе облысы қытайлық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ашық», — деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.
Сапар қорытындысы бойынша Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. компаниясымен хромды терең өңдеу жобасына 350 млн АҚШ доллары, ал биологиялық белсенді қоспалар (витаминдер) өндірісіне 150 млн АҚШ доллары көлемінде рамалық келісімге қол қойылды.
Қытай тарапы одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін және Ақтөбе облысында инвестициялық бастамаларды іске асыруға қызығушылық білдірді. Кездесулер нәтижесінде бірлескен жұмысты жалғастыру және перспективалы жобаларды жан-жақты зерделеу туралы келісімге қол жеткізілді.