
Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков басқарма мамандары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, сондай-ақ «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ пен «Казхром» ТҰК АҚ мамандарымен бірге өңірдегі бірқатар өндірістік және сауда нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.
Іссапар барысында делегация «Building Khan» ЖШС-не қарасты «Шебер» плаза сауда үйінің қызметімен танысты. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылы басталып,биылғы жылы пайдалануға берілген. Жоба «Даму» қоры арқылы субсидиялау тетігі негізінде жүзеге асырылған.
Сауда үйінің негізгі бағыты — құрылыс материалдары мен үй интерьеріне арналған тауарлар. Нысан бір қабатты, жалпы аумағы 11 мың шаршы метрді құрайды.
«Сауда үйі өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта жалға алушыларды қабылдап жатырмыз. Бутиктер мен ашық сауда алаңдары қарастырылған. Негізгі бағытымыз — құрылыс және үй интерьеріне арналған тауарлар. Жоба “Даму” қоры арқылы субсидияланды», — деді «Шебер» плаза сауда үйінің маманы.
Сонымен қатар делегация «Bigness» ЖШС-нің резеңке-техникалық бұйымдар өндіретін цехында болып, өндірістік процестермен және кәсіпорынның даму жоспарларымен танысты. Аталған кәсіпорын 2024 жылы іске қосылған және жоба «Даму» қоры арқылы субсидияланған.
Бұдан бөлек, «KazTechPlast» ЖШС-нің әртүрлі диаметрдегі полиэтилен құбырларын өндіру цехы қаралды. Кәсіпорын 2023 жылы іске қосылған, жоба «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда мұнда 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал өндірістік қуаттылығы айына 600 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Бүгін кәсіпорындардың өзекті мәселелері, өндірісті кеңейту, мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
Басқарма басшысы Д.Әлібеков өңірде өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
«Жергілікті қамтуды қолдау — басты міндетіміз. Ірі зауыттар мен өндіріс орындарын жобаларды белсенді қолдауға шақырамын», — деді басқарма басшысы.