
Бүгін өңір басшысы Асхат Шахаров құрылыс конструкциялары мен алюминий қорытпаларын шығаратын «Anescom» ЖШС-нің өндірістік цехына барды. Жобаның жалпы құны 800 млн теңге.
Кәсіпорынның дамуы туралы компания директоры Бауыржан Болатұлы айтып берді. Оның айтуынша, өндіріс жұмыс істей бастағанына бір-ақ жыл болғанымен, айтарлықтай көлемге қол жеткізген.
«Біз жылына 150–200 тонна өнім шығарамыз. Сонымен қатар жылына екі мың шаршы метрден астам ПВХ-конструкция өндіреміз. Кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді, орташа жалақы – 300 мың теңге. Өнімдерге сұраныс жоғары. Әзірге тек Қазақстан нарығына жұмыс істейміз, алайда Қырғызстан мен Өзбекстанға жеткізуді жолға қойып жатырмыз. Негізгі өнім – алюминий терезелер мен есіктер. Болашақта өндірістік аумақты кеңейтіп, жаңа қойма ғимаратын салуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Өндірістің бірегейлігі алюминий терезелер мен есіктерді жоғары технологиялы бояу арқылы коррозия мен тозуға қарсы беріктігін арттыруында. Жұмыста металды бояу мен өңдеудің заманауи технологиялары қолданылады.
Облыс әкімі құрылыс саласындағы жергілікті өндірістерді дамытудың маңыздылығын атап, мұндай жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімнің нарықтағы үлесін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.