Асхат Шахаров Франция елшісімен Ақтөбе өңіріндегі инвестициялық жобаларды талқылады

Асхат Шахаров Франция елшісімен Ақтөбе өңіріндегі инвестициялық жобаларды талқылады

Астанада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті.

Кездесу «ҚазақИнвест» алаңында өтіп, тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе жаңартылатын энергия көздері, өндірістік жаңғырту, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, инновациялар, цифрландыру және коммуналдық шаруашылық салаларындағы жобаларға басымдық берілді.

Ресми мәліметке сәйкес, биылғы тоғыз айда Ақтөбе облысының Франциямен сыртқы сауда айналымы 3,5 миллион долларды құраған. Бұл - өңірдің шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды дамытуға әлеуеті жоғары екенін көрсететін фактор.

Кездесу барысында Veolia компаниясымен өзара іс-қимыл мәселесі жеке қаралды. Француз тарапы «Aqtobe Su-Energy Group» кәсіпорнының жұмысымен танысып, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді серіктестікті бастауға қызығушылық танытты.

Аймақ басшысы Асхат Шахаров француз бизнесімен ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екенін алға тартты.

«Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестікті, оның ішінде өңірлік деңгейдегі байланысты нығайтуға жаңа қадам болады. Біз ашық диалогқа дайынбыз және француз бизнесінің өңірде дамуына мүдделіміз», – деді облыс әкімі.