Ұлы ойшыл, қазақтың дана ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысында қызықты деректер жарияланды. Абайдың есімі мен туыстарының атына қатысты жүргізілген есеп бойынша, облыста 3287 адам Абай және оның жақындары – Зере, Ұлжан, Ділдә, Әйгерім, Тоғжан сынды тұлғалардың есімдерін иеленген екен.
Атап айтқанда, ең көп таралғаны – Әйгерім есімі, оны бүгінде 1539 нәзік жан иеленген. Сонымен қатар, Абай есімімен 640 адам, ал Тоғжан есімімен 279 жан тіркелген. Халық данасының әжесі Зеренің аты 394 адамға, анасы Ұлжанның есімі 378 тұрғынға қойылған. Ақтөбе қаласында ғана 1316 адам Абай мен оның туыстарының атын алып жүр. Ерекше атап өтетін жайт, өңірде Абай Құнанбайұлы есімді 5 тұрады.
Облыс аумағында Алға, Мұғалжар, Темір және Шалқар аудандарында да ақын мен оның жақындарының есімдері жиі кездеседі. Бұл көрсеткіштер – ұрпақтың Абай мұрасына деген шынайы құрметінің айқын дәлелі.