ҚР Бас прокуроры Берік Асылов: «Азаматтар жауапкершілікті өз мойнына алғанда — шынайылық өзгереді»

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов: «Азаматтар жауапкершілікті өз мойнына алғанда — шынайылық өзгереді»

▫️Еліміз бойынша жүздеген ауылдар өз еркімен спиртті ішімдіктерді сатудан бас тартуда. Бұл — қарапайым халықтың саналы таңдауы. Бұл — тәртіп, денсаулық және балаларының болашағы үшін жасалған шешім.

▫️Мәселен, Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы бір ауылда тұрғындар ішімдікті сатудан өз еркімен бас тартып, бұл туралы бейнероликті әлеуметтік желілерде жариялады. Осындай мысалдар Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Атырау және басқа да облыстарда кездеседі.

▫️Иә, бұл елдегі барлық ауыл санын ескерсек, теңізге тамған тамшыдай көрінуі мүмкін. Бірақ ең маңыздысы — бұл бастамалардың қоғамдағы оң серпіні. Мұндай елді мекендер саны күн санап артып келеді. Адамдар сенім мен тұрақтылықты, тыныштықты жоғары бағалап, бір-біріне үлгі бола бастады.

▫️Аталған бастама ауыл ақсақалдары мен Қоғамдық кеңестерден шықты. Оны іске асыруда прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдар тарапынан үйлестіру, алдын алу және қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді.

▫️Ауыл кәсіпкерлері де ерекше алғысқа лайық. Жерлестерінің үнін ескеріп, олар дүкен сөрелерінен ішімдікті өз еркімен алып тастады. Бастапқыда күмәнданғанымен, табыстары азайған жоқ. Керісінше, ауыл тұрғындары ішімдіктің орнына балаларға пайдалы азық-түліктерді жиі сатып ала бастады.

🔹Бүгінде нәтижелер айқын көрініп отыр:
* кейбір ауылдарда қылмыс мүлде жойылды,
* тұрмыстық жанжалдар тоқтады,
* жастар спорт пен саналы өмір салтын таңдай бастады.

▫️Бұл — «Заң және Тәртіп» қағидатының өмірдегі нақты көрінісі. Тәртіп қорқыныш арқылы емес — сенім арқылы, жаза арқылы емес — саналы таңдаумен орнайды.

▫️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң мен Тәртіп — кемел демократияның іргетасы әрі құқықтық мемлекеттің негізі», – деп атап өткен болатын.

▫️Біз болашаққа деген қамқорлық, қоғамдық келісім мен заңға құрметке негізделген әрбір бастаманы қолдаймыз.

▫️Айта кету керек, ресми статистика бойынша ағымдағы жылдың алғашқы үш айында алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстар саны азайған.