Облыстағы мектеп асханаларының санитарлық жағдайы бақылауда

Облыстағы мектеп асханаларының санитарлық жағдайы бақылауда

Облыстағы мектеп асханаларының санитарлық жағдайы бақылауда

Облыстың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Білім басқармасының өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, өңір мектептерінің асханаларына жүргізіліп жатқан мониторинг жұмыстары жөнінде баяндады.

Аталған деректер бойынша, облыстағы 425 мектептің 393-інде ас блоктары қарастырылған. 25 мектепте буфет ұйымдастырылған, 6 мектеп асханасы кейтеринг қызметі арқылы тамақтанады.

«2024-2025 оқу жылының басынан бастап республика бойынша мектеп асханаларында тағамдық топтық инфекциялық ауруының тіркелуіне байланысты, Үкімет басшысымен барлық мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі бойынша мониторинг жүргізу тапсырмасы берілді. Осылайша, бүгінде облыстағы 68 мектептің қоғамдық тамақтандыру нысаны мониторингпен қамтылған. Мониторинг барысында мектептегі тамақтандыру бөлімшелерінің қызметкерлері мен жалға алушыларына тамақтан уланудың алдын алу және санитариялық талаптарды сақтау бойынша консультативтік көмек көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде»-деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.

Өз кезегінде Ақтөбе облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева Облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының 70 161 бастауыш сынып оқушысы, 5-11 сынып аралығындағы 9666 жекеленген санаттағы бала, тегін ыстық тамақпен қамтылғанын атап өтті. Оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Бүгінгі күнде білім беру ұйымдарындағы тамақтандыруды ұйымдастыру мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде облыстағы мектептерге 87 өнім беруші қызмет көрсетеді. Тамақтану сапасын бақылау мақсатында облыстық білім басқармасы, қалалық және аудандық білім беру ұйымдары жанынан құрылған ведомствоаралық топтар, мектептерде бракераждық комиссиялар мониторинг жұмысын үнемі жүргізіп келеді» - дейді Дина Ұзақбайқызы.

Биыл жыл басынан бері білім басқармасы тарапынан облыстағы 158 мектепке мониторинг жүргізілген. Мұндай жұмыстар жүйелі жалғасын табатын болады.