Жазықта жаңа мектеп, Ақжарда жекеменшік балабақша ашылды

Жазықта жаңа мектеп, Ақжарда жекеменшік балабақша ашылды

Нұрхан Тлеумұратов Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспарын талқылады.

Бүгінде Ақжар және Жазық ауылдарында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар іске асқан. Жазық бекетінде 60 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілсе, Ақжар ауылында жеке кәсіпкердің қолдауымен 65 балаға арналған балабақша есігін айқара ашты.

Сонымен қатар өңірде кәсіпкерлікті қолдау шаралары да оң нәтижесін беруде. Биыл Ақжарда жаңа сауда нысаны мен шаруа қожалығы ашылып, жергілікті ветеринариялық пункт пен полиция инспекторының қызметтік үйі күрделі жөндеуден өтті.

Ақжар ауылында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп, ауыл шетінен заманауи мал қорымын салу жобасы қолға алынды. Жылқы мен ірі қараны вакцинациялауға арналған арнайы нысан да іске қосылды.

Кездесу барысында ауылдарды одан әрі дамытудың нақты жоспарлары бекітілді. Жақын арада Ақжар ауылындағы көпірді жөндеу және жаңасын салу, ішкі көшелерді асфальттау, ауыз су жүйесін жақсарту мен бейнебақылау камераларын орнату көзделіп отыр. Ал Жазық бекетінде электр желілерін жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңын салу және қауіпсіздік жүйесін күшейту жоспарланған.

Ауыл халқы өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Тұрғындар тарапынан жайылым жер тапшылығы, су мұнарасын іске қосу, ауыл ішімен жүретін ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу, аялдама орнату, қаңғыбас иттерді аулау және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау туралы ұсыныстар айтылды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов халық көтерген әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын жеткізді.