НИКЕЛЬТАУДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ САЛЫНУДА

НИКЕЛЬТАУДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ САЛЫНУДА

Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратовтың ауыл тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Кезекті жұмыс сапары Никельтау ауылында өтті.

Кездесу барысында ауыл әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Былтыр ауылдың негізгі көшелеріне асфальт төселіп, жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Бүгінде ауыл тұрғындары үшін маңызды нысан – жаңа медициналық пункттің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ауылды абаттандыру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Санитарлық тазалық аясында қараусыз қалған ескі құрылыстар бұзылып, ауыл аумағы тазартылды.

Алдағы уақытта қоқыс полигоны мен су айдау станциясына баратын жолдарға тас төсеу, тозығы жеткен көше жарықтарын жаңарту және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар автономды жылыту жүйесін орнату, ауылда спорт мектебін ашу және мектеп оқушыларына арналған автобус мәселелерін көтерді. Аудан әкімі қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен өтініштер тиісті деңгейде қаралатынын жеткізді.