Мемлекеттік қызмет апталығы аясында Хромтау аудандық әкімдігінде мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – жас буынға мемлекеттік қызметтің маңызын түсіндіру, аудан әкімдігінің жұмыс барысымен таныстыру және мемлекеттік басқару саласына деген қызығушылығын арттыру.
Кездесу аясында оқушылар әкімдік бөлімдерінің тыныс-тіршілігімен танысып, мамандардың күнделікті атқаратын жұмыстарын көзбен көрді. Сонымен қатар жастарға аудан әкімінің қызметі, қабылданатын шешімдердің маңыздылығы және мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Танымдық шара барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын аудан басшысы Нұрхан Тлеумұратовқа тікелей қойып, тұшымды жауаптар алды.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың ел дамуына үлес қосуға деген ынтасын оятып, мемлекеттік қызметке деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.